Ақмола облыстық сотының төрағасы Бұланды ауданының тұрғындарымен кездесу өткізіп, азаматтарды қабылдады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров Бұланды ауданының белсенділерімен кездесіп, аудандық соттың судьяларымен жұмыс кеңесін өткізіп, азаматтарды қабылдады.

Кездесу Бұланды ауданының Мәдениет Үйінде өткізіліп, оған аудан әкімі, аудандық маслихат, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының өкілдері, Макинск қаласының және ауылдық округтердің әкімдері, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, БАҚ өкілдері, ҮЕҰ-ның өкілдері, адвокаттар, медиаторлар, сонымен қатар, судьялар мен сот жүйесінің ардагерлері қатысты.

Аудан белсенділерімен кездесуде облыстық соттың төрағасы Д.Әміров, мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының негізгі ережелерін түсіндіре отырып, Жоғарғы Сотының Төрағасы Қ.Мәмидің «Рухани жаңғыру – мәңгілік ел болудың кепілі» тақырыбында өткізген «дөңгелек үстелдің» қарары бойынша іс-шараларды  облыс соттарымен іске асырылып жатқандығын айтып өтті.

Сот төрағасы облыс соттарымен өткізілетін іс-шаралар аясында өскелең ұрпақтың рухани-мәдени білімін арттыру мақсатында кездесулер, «дөңгелек үстелдер» ұйымдастыру, билерді, қазақ зиялыларын, мәдениет және өнер қайраткерлерін еске алу кештерін өткізу, мұрағаттар, мұражайлар және кітапханалармен байланыс жасауды, сонымен қатар, тарихи-танымдық байқаулар өткізу көзделгендігін атап өтті.

Облыстық соттың төрағасы қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде  мәртебесін көтеру мақсатында, органдар мен ведомстволар арасында сот ісін жүргізу мен іс жүргізуде және ведомствоаралық хат алмасуда қазақ тілін қолдану қажеттілігіне тоқталды. 

Досжан Әміров сот жүйесіндегі реформалар, алқабилер сотының дамуы, татуластыру рәсімдерін қолдану, ақпараттық технологиялар, сот шешімдерін орындау, БАҚ және ҮЕҰ-ның өзара байланысы және сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы айтып өтті.

Ақмола облыстық сотының төрағасы кәсіптік емес медиатор Людмила Замолотованы ауданда медиацияны дамыту мен қолдану жұмысында белсенділік танытқаны үшін Алғыс хатпен марапаттады.

Кездесуден кейін, Д.Әміров Бұланды аудандық сотында азаматтарды қабылдады. Облыстық сот төрағасының қабылдауына қаралып жатқан істермен байланысты, сонымен қатар, жеке сұрақтар бойынша Бұланды ауданының 9 тұрғыны келді. Барлық азаматтар өз сұрақтарына толық жауаптарын алды. 

Облыстық соттың төрағасы іс-шараларды қорытындылай келе, аудандық соттың ұжымымен жұмыс кеңесін өткізіп, сот төрелігінің сапасы және сот ісін жүргізуді ұйымдастыру бойынша 2017 жылдың 7 айына соттың жұмыс көрсеткіштерін талқылады.

Қайнар: 
Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі