Ақмола облыстық сотының төрағасы Ерейментау ауданынының белсенділермен кездесіп, азаматтарды қабылдады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ерейментау қаласының аудандық әкімдігінің ғимаратында Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров аудан әкімінің, депутаттар, ауылдық округтердің әкімдері, құқық қорғау және мемлекеттік органдарының басшыларының қатысуымен тұрғындармен кездесу өткізді.

Ақмола облыстық сотының төрағасы өз сөзінде мемлекеттік тілді қолдану мен медиация институтын дамыту мәселелері бойынша мемлекеттік органдар және ведомствалардың  бірлескен жұмысы қажет екенін атап көрсетті.

Ақмола облыстық сотының төрағасы ауданда медиацияны қолдану мен дамыту ісіне белсенді қатысқаны үшін Ерейментау ауданының кәсіби медиаторы Құсайынов Қайыржанға Алғыс хатты табыс етті.

Кездесуде облыстық соттың төрағасы Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» атты бағдарламалық мақаласының негізгі ережелерін түсіндіре отырып, Жоғарғы Сотының төрағасы К.Мәмимен бекітілген «Рухани жаңғыру – мәңгілік ел болудың кепілі» тақырыбында өткізілген «дөңгелек үстелдің» қарары бойынша, іс-шаралар облыс соттарымен іске асырылып жатқандығын атап көрсетті.

Сот төрағасы облыс соттарымен өткізілетін іс-шаралар аясында өскелең ұрпақтың рухани-мәдени білімін арттыру мақсатында кездесулер, «дөңгелек үстелдер» ұйымдастыру, билерді, қазақ зиялыларын, мәдениет және өнер қайраткерлерін еске алу кештерін өткізу, мұрағаттар, мұражайлар және кітапханалармен байланыс орнату, сонымен қатар, тарихи-танымдық байқаулар өткізу көзделгендігін атап өтіп, барлығын іс-шараларға белсенді түрде қатысуға шақырды.

Досжан Әміров кездесуді қорытындылай келе, сот жүйесіндегі реформалар, алқабилер сотының дамуы, татуластыру рәсімдерін қолдану, оның ішінде, медиация, ақпараттық технологиялар, сот шешімдерін орындау, БАҚ және ҮЕҰ-ның өзара байланысы және сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы айтып өтті.

Сонымен қатар, облыстық соттың төрағасы Д.Әміров Ерейментау аудандық сотының ғимаратында азаматтарды қабылдады.

Облыстық соттың төрағасы іс-шараларды қорытындылай келе, аудандық соттың ұжымымен жұмыс кеңесін өткізіп, 2017 жылдың 7 айында сот төрелігін іске асыру және сот ісін жүргізуді ұйымдастыру бойынша соттың жұмыс көрсеткіштерін талқылады.

Қайнар: 
Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі