Ақмола облысының соттары өткен жылғы жұмыстарын қорытындылады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Облыс соттарының 2013 жылдың жұмыс қорытындысы бойынша өткізген кеңейтілген жалпы мәжілісіне ҚР Жоғарғы Сотының судьясы Қайыпжан Нұржан Үсіпжанұлы қатысты.

Жалпы, жыл өткен сайын өздерінің заңды мүдделері мен бұзылған құқықтарын қайта қалпына келтіруді талап етіп сотқа жүгінетін азаматтар санының артқандығын облыс соттарында қаралған істер санының көбейгендігі айғақтайды.

2013 жылы Ақмола облысының соттарында барлығы 48 941 қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер мен материалдар қаралған, яғни өткен 2012 жылмен салыстырғанда  істер мен материалдар саны 4 671 -ге немесе 10,6% -ға (44 270) көбейген. 

Облыс соттарында қаралып жатқан істер санының ұдайы өсуіне қарамастан оларды қарау барысында судьялар тарапынан іс жүргізу мерзімінің бұзушылығы тіркелмеген.

Соттарда сондай-ақ, ҚР «Медиация туралы» заң нормаларын жиі қолданып кәсіби және кәсіби емес медиаторлардың қатысуымен қаралатын істер саны көбеюде.

2013 жылы медиаторлардың қатысуымен 100 азаматтық іс (2012 жылы – 1 азаматтық іс), 104 қылмыстық іс (2012 жылы – 2 қылмыстық іс) қаралған.

2013 жылы Ақмола облысының соттарына азаматтық істер бойынша 459 істер мен  30 699 (барлығы 31 158) өтініштер түскен. Апелляциялық кассациялық және қадағалау тәртібімен 256 немесе 1,5% шешімдердің күші жойылған және өзгертілген. Азаматтық істер бойынша  98,5 % сот шешімдері заңнама талаптарына сай шығарылған.

2012 жылмен салыстырғанда азаматтық істер бойынша сот төрелігін жүзеге асыру сапасы 0,4 %-ға жақсарған.

Облыс соттарында 2 889 тұлғаға қатысты 2 475 қылмыстық іс аяқталды.

1 219 адам сотталған, 23 адам ақталған, 1446 адамға байланысты істер қысқартылған,  9 адамға дәрігерлік сипаттағы жаза қолданған.

Сондай-ақ  532 адамға қатысты бас бостандығынан айыру, 19 адамға – айыппұл салу, 62 адам - қоғамдық жұмысқа тарту, 453 адам – бас бостандығын шектеу, 6 адамға белгілі лауазыммен айналысуға тыйым салу; 17 адамға - ҚР ҚК 65-69 бабын қолданумен жазадан босатылған; 128-адам шартты түрде сотталып, 2 адамға қатысты ҚР «Рақымшылық Заңы» қолданылған.       

Алқа билердің қатысуымен облыстың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 33 адамға қатысты 20 қылмыстық іс қаралған.

Облыс соттарының қылмыстық істер бойынша шығарған үкімдерінің 95,9 % заңды және негізді.            

2013 жылы Ақмола облысының соттарына 17 499 тұлғаға қатысты 17 490 әкімшілік істер қаралған, ал 2012 жылы 15 004 тұлғаға қатысты 14 988 әкімшілік істер қаралған болатын, демек қаралған істер саны 2 495 іске көбейген.

 Апелляциялық және қадағалау тәртібімен 51 немесе 0,3% қаулылардың күші жойылған және өзгертілген. Әкімшілік істер бойынша  99,7 % сот шешімдері заңнама талаптарына сай шығарылған.

Қазақстан Республикасы судьяларының алтыншы съезінде Елбасымыз және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының басшылығы еліміздің судьялар қауымдастығының алдына бірқатар мақсаттар мен міндеттер қойды, оның негізгілері сот төрелігін жүзеге асырудың сапасын арттыру, сот тәртібінің ашықтығы мен қолжетімділігі, істердің созбалаңға салынуына және кеңсешілдікке жол бермеу, судья этикасын сақтау, халықтың құқықтық мәдени деңгейін арттыру, сот жүйесінің беделін насихаттау және сыбайлас жемқорлық әрекетіне қарсы тұра білу.

Ақмола облыстық сотының төрағасы Нұрғазы Әбдіқанов «Ақмола облыстық сотының төрағасы қызметіне жақында ғана кіріссем де, Ақмола облысы соттарының соңғы бірер жыл ішінде жақсы еңбек нәтижелерін көрсетіп келе жатқандығына куә болып жүрмін. Сот төрелігін сапалы жүзеге асыру бағытында алға қойған тапсырмаларды әрі қарай орындауды жалғастыру үшін облыс соттары барлық қажетті мүмкіндіктерге ие. Ең алдымен Ақмола облысының сот қауымдастығы жоғары, кәсіби білікті мамандармен жасақталған әрі олардың еңбек етуі үшін барлық жағдайлары жасалған» деді.

Ашықтықты қамтамасыз ету мен сот төрелігінің қолжетімділігі турасында айта келе сот төрағасы «Соғыс басталған жерде, әділдік аяқталады» деген ұғымды мысалға келтірді. Әрине, бұл ұғыммен келіспеу қиын. Сондықтан  ақпараттық ашықтық пен сот жүйесінің мөлдірлігі қамтамасыз етілуі тиіс. Өйткені азаматтардың мемлекетке сенімі ең алдымен сотқа деген сенімнен бастау алады. Ал ашықтық принціпінсіз азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін ояту мүмкін емес. Осы бағытта Ақмола облыстық соты облыс судьяларының құқықтық тақырыпқа жазған мақалалары мен Жоғарғы Соттың ұсыныс хаттарын жариялауға арналған ақпараттық ашықтықты қамтамасыз ететін дайджест басылымын тоқсан сайын шығарып отыратын болды.

Кеңесте соттарды материалдық-техникалық қамтамасыз ету және олардың қамсыз қызмет етуіне жағдай жасау турасында да мәселелер көтерілді. Атап айтқанда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының онлайн жүйесі бойынша жүргізетін семинар, жиналыстарына барлық аудандық соттардың қатысуын қамтамасыз етіп, оларға бейнебайланыс жүйесін орнату қажеттігі туралы тапсырылды.

Тұрғындардың уақытын үнемдеу үшін талап-шағымдарды электрондық тәсілмен беруді әрі қарай жалғастыру қажеттігі де назардан тыс қалмады. Атап айту керек 2013 жылы облыс бойынша электронды тәсілмен 4 459  өтініш түссе, оның 4 136-сы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының еншісінде. 

Ал, кеңес жұмысын қорытындылаған ҚР Жоғарғы Сотының судьясы Нұржан Үсіпжанұлы Ақмола облыстық сотының жұмысына оң бағасын беріп, облыстың судьялар қауымдастығы қойылған мақсаттар мен міндеттерді табысты орындап келе жатқанын айта келе сот төрелігі сапасын арттыру үшін әрі қарай да қажырлы еңбек ету қажеттігін айтты.

Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі