Ақмола облысының судьялары мен журналистері өзара ынтымақтастық мәселелерін сөз етті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ақмола облыстық соты «Соттар мен БАҚ өкілдері арақатынасының мәселелері» тақырыбына дөңгелек үстел өткізді. Аты айтып тұрғандай бұл игілікті шараның басты мақсаты сот билігі мен бұқаралық ақпарат құралдарының арақатынасындағы мәселелерін талқылау, әділсот төрелігі мен сөз бостандығы мүддесін басты назарда ұстап екеуара байланысты нығайту, түсініктерді қалыптастыру, сот жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету және журналистердің осы бағыттағы ұсыныстарын қабылдау еді.

2013 жылдың 20 қарашасында өткен ҚР Судьяларының ҮІ съезінде Елбасымыз Н.Назарбаев «Біз өркендеп өскен, ең байыған 30 мемлекеттің қатарына кіруді көздеп отырмыз. Біз меже қылған биік белестер барлық саладағы игіліктерді көздейді. Сондықтан Қазақстанның сот жүйесі алдыңғы қатарда болуы қажет. Барлық құқық қорғау органдары ішінен ең жоғары тұрғаны Жоғарғы Сот болып табылады. Жоғарғы Соттың абыройы – Қазақстанның абыройы, жалпы биліктің абыройы. Біз «Қазақстан 2050 стратегиясын темірқазық ете отырып, сот жүйесін жетілдіруді жалғастыра беруіміз қажет. Сот жүйесі барлық бұқаралық ақпарат құралдарының күшімен қоғамның сот жүйесіне деген құрметін, сенімін қалыптастыруы қажет» деген еді. Ал ағымдағы жылдың 17 қаңтарындағы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» деп аталатын жолдауында да Елбасымыз «Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ұмтылыс кезінде бізге адал бәсекелестік, әділеттілік, заңның үстемдігі және жоғары құқықтық мәдениет ахуалы қажет» дей келе сот жүйесі іс жүзінде ашық әрі қолжетімді болуға тиіс деп талап қойды. Елбасымыздың бұл талаптары сот жүйесімен қатар БАҚ-тарға да үлкен міндет жүктейді.

Ақмола облыстық сотының төрағасы өзінің дөңгелек үстелді ашу сөзінде «- Судьялар мен журналистердің жұмыс бағыты бір. Ол – қоғамдық мүддені қорғау. Біз тек қоғамдық мүддені қорғау арқылы ғана өз миссиямызды жүзеге асыра аламыз. Тәуелсіз сот және азат бұқаралық ақпарат құралдары – нағыз демократиялық мемлекеттің екі тірегі. Мемлекет пен азаматтық қоғам бір-біріне тірек болып ынтымақтасқанда, әсіресе демократиялық процесс пен мемлекеттік басқарудың ашықтығын жеткізетін БАҚ – тармен тиімді, ашық байланыс орнатып еңбек еткенде ғана үлкен нәтижеге қол жеткізе алатынымызды Егемен еліміздің тәжірибесі көрсетіп отыр. Соттар мен бұқаралық ақпарат құралдарының арақатынасы – бұл сот қызметінің негізгі жұмыс бағыттарының бірі», - деді.

Қазіргі уақытта дербес сот билігін құрып отырған мемлекетімізде судьялардың қоғам талабына сай, тиімді сот төрелігін жүргізу барысындағы жауапкершіліктеріне баса назар аударылып отыр. Барлық соттарда сот әділдігін жүзеге асыру бағытында атқарылған жұмыстарын ашық көрсету үшін сот органдары мен жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында тығыз қарым-қатынас орнады.

Сот жүйесінің қызметін объективті жария ету үшін және іс жүргізу қызметіне байланысты ақпараттарды БАҚ арқылы таратқанда қателіктерді жібермеу мақсатында республиканың барлық соттарында судья-үйлестірушілер мен баспасөз хатшылары бекітілді. Осының арқасында әділ сот төрелігі қызметінің жариялылығын, ашықтығын қамтамасыз ете отырып, ел азаматтарының құқықтарын түсіндіруге бағытталған баспасөз қызметінің жұмысы бүгінгі күні халыққа біршама жақындай түсті. Бұл туралы  Ақмола облыстық сотының БАҚ-пен жұмысты үйлестіруші судьясы – Қияшева Сәуле өзінің «Облыстық соттың баспасөз қызметінің БАҚ тармен өзара әрекеттесуі» тақырыбына жасаған баяндамасында айтып өтті.

Сондай-ақ дөңгелек үстелде «Сот қызметінің ашықтығы мен қолжетімдігі» тақырыбына қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы төрағасының м.а. Жакулин Әскербек, «Сот процестерін жазу туралы журналистік тәжірибе» тақырыбына «Заң газетінің» тілшісі Қалкөз Жүсіп, «Сот қызметін жазу: тәжірибеден иделға дейін» тақырыбына «Экспресс К», «ИА Новости Казахстана» газетінің меншікті тілшісі, журналист Нұржан Баймулдин, «Сот жүйесі мен БАҚ-тардың әрекеттесуінің тиімділігі» тақырыбына облыстық «Арқа ажары» газетінің меншікті тілшісі Бақыт Смағұл, «Сот жүйесі мен БАҚ-тардың байланысы» тақырыбына «Қазіргі журналистиканы даму орталығы» ҚБ президенті Марина Рыбалко және «Сот материалдарын мерзімді басылымдарды жазудың ерекшелігі» тақырыбына «Акмолинская правда» газетінің тілшісі Митчинова Нина баяндамалар оқыды.

Шараның ресми бөлімінен кейін Ақмола облыстық сотының төрағасы Н.Әбдіқановтың бастауымен дөңгелек үстелдің қатысушылары Ақмола облыстық сотының тарихи мұражайын тамашалады. Облыстық соттың ардагер судьялар кеңесінің төрағасы, отставкадағы судья Ғибәділов Мейрам мұражайға экскурсия жасатып, ондағы ең соңғы қосылған облыс журналистерінің судьялар туралы жазған жазбаларынан құрастырылған «Журналистер біз жөнінде» деп аталатын жаңа галереяның тұсауын кесті.

Дөңгелек үстелге қатысушылардың пікір бөлісулерінен кейін соттар мен бұқаралық ақпарат құралдарының арақатынасының тұжырымдамасы дайындалды.  

Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі