Аса қатігездікпен адам өлтіргені үшін 15 жылға бас бостандығынан айрылды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ақмола облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен келіспей апеллциялық шағым түсірген Ә.Данияровқа қатысты қылмыстық істі қарады.

Сот үкімімен Данияров Әділ ҚР ҚК 96-бабы 2-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып аса қатігездікпен адам өлтіргені үшін 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айрылған. Сотталушыдан жәбірленушінің пайдасына 2 000 000 теңге көлемінде моралдық шығын өндіріліп алынған. Оған қоса сотталушы бас бостандығынан айыру орнында ішімдіктен мәжбүрлі түрде емделетін болды.

Сотқа белгілі болғандай, Данияров танысы азамат У., мен бірге арақ ішіп отырып жанжалдасып қалған. Ашуланған ол өз бөтелкелесінің қол-аяғын байлап есінен танғанша ұрған. Содан кейін, үйді өртеп, аяқ-қолы байланған  досын тастап оқиға болған орыннан тайып отырған.

У., сол күні көзін ашып, денесінің қатты күйгеніне қарамастан терезеден далаға еңбектеп шығып, ауруханаға жеткізілген, бірақ көп ұзамай қайтыс болып кеткен.

Өзінің апелляциялық шағымында Данияров сот үкімін өзгертіп, оған тағайындалған жазаны жеңілдетуді сұраған.    

Қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының қаулысымен Ә.Данияровқа қатысты сот үкімі өзгеріссіз, сотталушының апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды.

Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі