ҚР «Заңгерлер одағы» РҚБ өкілдері сот жүйесінің мамандарымен кездесті

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Тікелей Елбасының тапсырмасымен құрылған «Қазақстан заңгерлер Одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің басты мақсаты заманауи демократиялық мемлекет және нарықтық экономика талаптарына сай келетін ұлттық құқықтық жүйені қалыптастыру. Елiмiздегi заңдылық пен заң үстемдiгiн нығайтуға мүмкiндiк туғызатын мұндай Одақ құру тәжiрибесі дамыған барлық елдерде, көршілес Ресей Федерациясында да қолға алынып, өз нәтижесiн берiп келедi екен.
Құрылғанына аз ғана уақыт өтсе де Одақтың барлық облыстарда бөлімшелері ашылып, жұмыс істеуде. Ал оның Ақмола филиалын облыстық әділет департаментінің басшысы басқарады.
Жақында Одақ басшылары өздерінің жұмыс кездесулерінің бірін Ақмола облыстық сотының ғимаратында өткізді. Бұл шараға сот жүйесінің осы Одаққа мүше мамандары қатысты. Айта кету керек, Ақмола облысы сот жүйесінің 202 маманы «Қазақстан заңгерлер Одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақмола филиалының мүшесі. Ал Ақмола облыстық сотының Кеңсе басшысының орынбасары Динара Мұстафина осы бөлімнің заңгерлік активін басқарады.
«Қазақстан заңгерлер Одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалдармен жұмыс істеу бойынша атқарушы директоры Дариға Құрманқызы сот жүйесінің  мамандарына өзінің де еңбек өтілін сот жүйесінен бастағанын, 20 жыл судьялық қызмет атқарып бүгінде отставкаға шығып осы заңгерлер Одағын басқарып отырғанын айта келе, Одақтың алдағы мақсаттары мен міндеттері туралы баяндады.
« - Бүгінде Республика бойынша бірлестік филиалдары көп жұмыстар атқаруда. Бүгінде бұл іске облыс әкімдіктерінен бастап  барлық мемлекеттік органдар, ұжымдарының құрамында заңгер мамандары бар жеке секторлар да белсенді қатысуда. Өйткені біздің «барлығымыздың илегеніміз бір терінің пұшпағы» емес пе? Ал Одақ тарапынан заңгерлердің мәртебесін көтеру, шамасынша олардың кәсіби біліктіліктерін арттыру, оларды осы сала мамандарына арналған республикалық, халықаралық семинарларға қатыстырып отыру жағынан көмек көрсетуге тырысамыз.
 Ал Одаққа Заң ғылымы мен тәжiрибесiнiң дамуына елеулi үлес қосқан зейнеткерлiкке шыққан заңгерлер де мүше бола алады. Мүшелiк қатарына кiруге ниет бiлдiрген заңгер мамандығы бар тұлға  филиал кеңесiне қабылдау туралы өтiнiш қана бередi. Одаққа қабылданған мүшеге мүшелiк кiтапша, төсбелгі беріледі. Бүгінде бірлестікке кіруге тілек білдіруші заңгерлер саны республика бойынша күн санап артып келе жатқандығы қуантады» - деді Дариға Құрманқызы.
Кездесуде сондай-ақ, Қазақстан Республикасы «Судьялар Одағы» РҚБ Ақмола филиалының төрағасы Ерлан Жанаділов, «Қазақстан заңгерлері Одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақмола филиалының хатшысы Бақыт Сұлтановтар сөз сөйлеп, бірлестіктің жұмысы туралы қызықты әңгімелер айтты.

Ақмола облыстық сотының
баспасөз қызметі