Қылмыстық істің қысқартылуы қылмыстық жауапкершіліктің күшін жою туралы заңның енгізілуіне байланысты

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Жақсы аудандық сотында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 108-бабы («Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтiру») бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін азаматша Е-ге қатысты қылмыстық іс қаралды.  

Сот анықтағандай, азаматша Р. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексiнің 408-бабының 1-бөлігіне сәйкес, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтiрген азаматша Е-ні Қылмыстық кодексінің 108-бабы бойынша қылмыстық  жауапкершілікке тарту туралы шағыммен сотқа жүгінді.

2017 жылы 3 шілдеде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»  Қазақстан Республикасының Заңы қабылданып, 2017 жылы 15 шілдесінде қолданысқа енгізілді. 

Көрсетілген заңның 1-бабының 6) тармағы негізінде Қылмыстық кодексінің 108-бабы бойынша қылмыстық жауапкершіліктің күші жойылды.  Заңның 4-бабының 6) тармағы бойынша  денсаулыққа қасақана женіл  зиян келтіргені үшін жауапкершілік  Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы Кодексінің 73-1 бабында көзделген.

Сот қаулысымен қылмыстық құқық бұзушылық жасалған әрекеттердің күшін жою туралы заңның енгізілуіне сәйкес, Қылмыстық кодексінің 108-бабымен көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасаған үшін азаматша Е-ні айыптау бойынша қылмыстық іс қысқартылды.

 

Қайнар: 
Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі