Мол ақшаға кенелмекші болған жүргізуші сотталды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ақмола облысының Шортанды аудандық соты ҚР ҚК 24-бабының 3-бөлігі, 177-бабының 3-бөлігі, 351-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмысты жасаған деп айыпталған азаматқа қатысты қылмыстық істі қарады.    
Іс мән-жайлары бойынша, Бестөбе кентінің «Айгүл» дүкенінде жүргізуші болып істейтін сотталушы өзінің жұмыс берушісінің тапсырмасы бойынша жұмыс көлігімен тауар сатып алу үшін өзіне сеніп тапсырылған 1 млн. 500 мың теңге көлеміндегі қаражатты алып Астана қаласына бара жатқан. Өмірінде осындай қомақты қаражатты қолына ұстап көрмеген жүргізуші «Астана-Петропавловск» тас жолының бойымен келе жатып қалайда әлгі ақшаны өзіне иемденіп алу туралы арам пиғыл туралы ойлай бастайды. Осы ойдың жетегімен көлігін тоқтатып, ешкімнің ол жерден таба алмасына сенген ол бар ақшаны жүргізуші орынтағының астына тығып қояды. Сөйтіп өзінің ұялы телефонымен жұмыс беруші бастығына хабарласып тас жолдың бойында екі қарақшы кезіккенін, олардың күш көрсетіп ақшаның барлығын ұрлап кеткенін айтады. Бастығын иландырғаннан кейін барып «102» нөмірі арқылы Шортанды аудандық ІІБ хабарласып, ойдан шығарылған «тонау» оқиғасын хабарлап, жалған мәлімет береді. Оқиға орнына шұғыл жеткен полиция қызметкерлері қылмыс жасалған көлікті тінту барысында жоғарыда аталған қаражатты бұзылмаған күйі тауып алады.
Шортанды аудандық соты сотталушыны ҚР ҚК 351-бабының 2- бөлігінде көзделген (қылмыс жасалғаны туралы көрінеу жалған сөз жеткізу) және ҚР ҚК 24-бабының 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмыс жасауға оқталу), 177-бабының 3-бөлігінде (алаяқтық) көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танып, дүние мүлкін тәркілеумен 4 (төрт) жылға бас бостандығынан айырды.
ҚР ҚК 63-бабы қолдануы негізінде жаза үш жыл сынақ мерзімімен шартты деп саналды.
Ақмола облыстық сотының
баспасөз қызметі