Зерендіде 429 бас жылқы малын ұрлаған ағайынды барымташылар сотталды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ақмола облысының Зеренді аудандық соты өздеріне сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ұрлап, иеленіп алған және ысырап еткен деп айыпталған ағайынды Қазбек және Жаңбырбай Сыздықовтарға қатысты қылмыстық істі қарап бітті.

Іс мән-жайлары бойынша айыпталушылар Көкшетау қаласы, Зеренді және Сандықтау аудандарының тұрғындарын алдап сенімдеріне кіру арқылы оларға аса ірі көлемде шығын келтірген.

Сотқа белгілі болғандай ағайындылар 2000 жылдан бері  бірлесіп тұрғындардың жылқыларын баққан. Олар мал иелерінің табында нақты қанша бас малдары барын білмейтіндіктерін пайдаланып 2012 жылдан күні бүгінге дейін 429 бас жылқыны ұрлаған. Олардың осы қылмыстық әрекеттерінен 105 адам жәбірлендік деп сотқа шағым түсірген.

Зеренді аудандық сотының 11.02.2014 жылғы үкімімен Сыздықов Қазбек Советұлы ҚР ҚК 176-бабы 4-бөлігі «б» тармағы, 182-бабы 2-бөлігі «б» тармағы, 175-бабы 4-бөлігі «б» тармағында көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылды, оның жеке дүние-мүлкі тәркіленіп ҚР ҚК 58-бабы 3-бөлігінің негізінде жазасын жалпы режімдегі түзеу мекемесінде өтеу үшін түпкілікті 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сыздықов Жаңбырбай Советұлы 176-бабы 4-бөлігі «б» тармағы, 182-бабы 2-бөлігі «б» тармағы, 175-бабы 4-бөлігі «б» тармағында көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылып, дүние-мүлкі тәркіленумен  ҚР ҚК 58-бабы 3-бөлігі негізінде жазасын жалпы режимдегі түзеу мекемесінде өтеуге, түпкілікті 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы  тағайындалды.

Сот барымташыларды жазаларын өтеп болғаннан кейін де 3 жыл мерзімге материалды жауапты қызметпен айналысу құқықтарынан айырды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ

Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі