Ақмола облысының судьялары құқық қорғау органдарының өкілдерімен бірге ведомствоаралық кеңеске қатысты

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әмір, облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Раджаб Даминов, облыстың аудандық және оларға теңестірілген соттарының төрағалары мен қылмыстық істерді қарайтын судьялар қылмыстық процесте азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау мәселелерін талқылау бойынша ведомствоаралық кеңеске онлайн режимде қатысты.

 Ақмола облысының прокуратурасымен ұйымдастырылған ведомствоаралық кеңестің жұмысына полиция департаментінің өкілдері, ұлттық қауіпсіздік, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және экономикалық тергеу органдарының қызметкерлері қатысты.

Ақмола облыстық сотының төрағасы Д.Әмір кеңестегі өз сөзінде ақтау үкімдерінің сапасын талқылап, тергеу органдарының бұзушылықтарын атап өтіп, алдағы уақытта бұзушылықтарды болдырмау жөніндегі жүргізіліп жатқан жұмысқа талдау жасады.

 Д.Әмір құқық қорғау органдарының өкілдерімен тіл туралы заңнаманың нормаларын қолдану мәселелерін талқылады және азаматтардың тілді таңдауға құқығын сақтаумен бірге мемлекеттік тілдегі іс бойынша іс жүргізуге бақылауды күшейту, заңнама нормаларының бұзушылықтарын анықтау, оларға жол бермеу мақсатында барлық шараларды қабылдау тергеу органдарына, прокуратураға тапсырды.

 Д.Әмір сөзін аяқтай келе, Мемлекет басшысымен судьялардың сегізінші съезінде жария етілген басымдықтарды еске салды: ол - адам құқықтары мен заң үстемдігін қамтамасыз ету және сот жүйесінің тәуелсіздігі, оның ішінде судьялардың құқық қорғау органдарынан тәуелсізділігі.

Облыс сот жүйесінің атынан кеңесте Ақмола облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Раджаб Даминов пен облыстық сот судьясы Әскербек Жакулин сөз сөйлеп, Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларын және заңнамадағы өзгерістерді бірге зерделеу бойынша семинарларды өткізуді, бұзушылықтарды болдырмау мақсатында құқық қолданудағы күрделі жағдайларды талқылауды ұсынды.   

 Кеңесте қылмыстық қудалаудың енгізіліп жатқан үш буынды моделінің жекелеген мәселелері де қаралды.  

 

 

Домалакова Куляш,

Ақмола облыстық соты баспасөз қызметінің жетекшісі