"Атқарушылық жазбалар" татуластыру рәсімдерінің бір түрі

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасы

Нотариат туралы

Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 14 шiлдедегі N 155 Заңы

 

14-1-тарау. Атқарушылық жазбаларды жасау

Ескерту. Заң 14-1-тараумен толықтырылды көзделген - ҚР 31.10.2015 № 378-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

92-1-бап. Борышкерден ақшаны өндіріп алу немесе өзге де жылжымалы мүлікті талап ету

1. Борышкерден ақшаны өндіріп алу немесе өзге де жылжымалы мүлікті талап ету үшін нотариус берешекті белгілейтін құжатта атқарушылық жазбаларды жасайды.

2. Атқарушылық жазбалар негізінде берешекті өндіріп алу даусыз тәртіппен жүргізілетін талаптар тізбесі Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 135-бабының 1), 2), 3), 4), 10), 11) және 17) тармақшаларында белгіленеді.

92-2-бап. Атқарушылық жазбаны жасау шарттары

1. Атқарушылық жазба:

1) егер ұсынылған құжаттар берешектің немесе борышкердің өндіріп алушы алдындағы өзге де жауапкершілігінің даусыз екенін растаса;

2) егер талап қою (арыз) құқығы туындаған күннен бастап үш жылдан аспайтын уақыт өтсе, жасалады.

2. Егер атқарушылық жазба берілетін талап үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында өзге ескіру мерзімі белгіленсе, атқарушылық жазба осы мерзім шегінде беріледі.

92-3-бап. Атқарушылық жазбаның мазмұны

Атқарушылық жазбада:

1) атқарушылық жазбаны жасаған нотариустың тегі және аты-жөні, лауазымы;

2) өндіріп алушының атауы, оның туған датасы, тұрғылықты жері немесе орналасқан жері, жеке сәйкестендіру нөмірі, заңды тұлғаның деректемелері, бизнес-сәйкестендіру нөмірі;

3) борышкердің атауы, оның туған датасы, тұрғылықты жері немесе орналасқан жері, жеке сәйкестендіру нөмірі (егер ол арыз берушіге белгілі болса), заңды тұлғаның деректемелері, бизнес-сәйкестендіру нөмірі;

4) өндіріп алу жүргізіліп отырған мерзімнің көрсетілуі;

5) өндіріп алынуға жататын соманың немесе талап етілуге жататын нәрселердің, оның ішінде, егер өсімпұлдар, пайыздар тиесілі болса, олардың көрсетілуі;

6) өндіріп алушы төлеген немесе борышкерден өндіріп алуға жататын мемлекеттік баж сомасының немесе жекеше нотариустың нотариаттық әрекеттеріне төленген соманың көрсетілуі;

7) атқарушылық жазба жасалған дата (жыл, ай, күн);

8) атқарушылық жазбаның тізілімде тіркелген нөмірі;

9) атқарушылық жазбаны жасаған нотариустың қолтаңбасы мен мөрінің бедері қамтылуға тиіс.

92-4-бап. Атқарушылық жазба бойынша өндіріп алу тәртібі

Атқарушылық жазба бойынша өндіріп алу Қазақстан Республикасының атқарушылық іс жүргізу туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.

92-5-бап. Атқарушылық жазбаны ұсыну мерзімдері

1. Атқарушылық жазба, егер заңнамада өзге мерзімдер белгіленбесе, ол жасалған күннен бастап үш жыл ішінде мәжбүрлеп орындатуға ұсынылуы мүмкін.

2. Атқарушылық жазбаны ұсыну үшін өткізіп алған мерзімді қалпына келтіру Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес жүргізіледі.

92-6-бап. Борышкерге атқарушылық жазбаның көшірмелерін жіберу

1. Атқарушылық жазбаны жасағаннан кейін нотариус келесі жұмыс күнінен кешіктірмей табыс ету туралы хабарламамен бірге борышкерге оның көшірмесін жібереді.

2. Борышкер атқарушылық жазбаның көшірмесін алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде атқарушылық жазбаны жасаған нотариусқа мәлімделген талапқа қарсылықтарын хабарламамен бірге жазбаша түрде жіберуге құқылы.

92-7-бап. Атқарушылық жазбаны өндіріп алушыға беру

1. Атқарушылық жазбаның көшірмесін борышкерге тапсыру туралы хабарлама келіп түскен кезде және егер белгіленген мерзімде борышкерден нотариусқа қарсылық келіп түспесе, нотариус өндіріп алушыға орындауға беру үшін атқарушылық жазбаны береді.

2. Өндіріп алушыға берілген атқарушылық жазбаның көшірмесі нотариус жүргізетін істе қалады.

92-8-бап. Атқарушылық жазбаның күшін жою және оған дау айту

Нотариус атқарушылық жазбаның күшін жою туралы қаулыны қарсылық келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей шығарады.

Атқарушылық жазбаның күшін жою туралы қаулының көшірмелері ол шығарылған күннен кейін келесі жұмыс күнінен кешіктірмей өндіріп алушыға және борышкерге жіберіледі.

Егер жасалған атқарушылық жазбаның күші нотариустың қаулысымен борышкердің қарсылығы бойынша жойылмаса, атқарушылық жазбаға дау айту сот тәртібімен жүзеге асырылады.