Тіл мерейі - ел мерейі

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Тіл мерейі - ел мерейі

Мемлекеттік тіл тағдырына қатысты тіл жанашырларының жан айқайы мерзімді баспасөз беттерінде аз жарияланған жоқ. Біз де осы бір көкейкесті мәселенің өзіміз зерделеген себеп салдарына тоқталып, көкейдегі кейбір ойларды ортаға салуға ниеттендік.

Жағаласса жауды жеңген, дауласса дауды жеңген тілге шешен, ойға көсем батыр да дана, рухы асқақ қазақтың бүгінгі ұрпағы мемлекеттік тілге неге бейжай қарайды деген ойға қаласың.

Қазақпын деген қаны бір әрбір азамат тілім тәуелсіздігімнің тірегі, тілім-болашағым, тілім мақтанышым деген биік сезімді мұрат етуі шарт. Бұл, әсіресе билік басындағылар мен «халық қалаулылары»қатаң ұстанар қағидаға айналуы қажет деп ойлаймын.

Себебі олардың мінез құлқы, іс-әрекеті, сөйлеген сөзі үнемі көптің көз алдында. Көзқарасы қалыптасып үлгермеген еліктегіш жастар соларға қарап бойын тіктеп, ойын түзейді. Ал, басшылар болса бәз-баяғы қалпы, мінбеге шығады да орысша желдіртіп ала жөнеледі. Сонда олардан алар үлгі, алар өнеге осы болғаны ма?

Турасын айтар болсақ, өзгеге емес ең алдымен билік тізгінін ұстаған, лауазымды қызметте жүрген өзіміздің көптеген қандас бауырларға сілкініс қажет. Сана сілкінісі. Тәуелсіз ел болғанымызға ширек ғасырданассада,жалтақтау мен жалпақтауданаса алмай келеміз.

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы: «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжытпай екі ережені түсініп, байыбына барғанды қалаймын.

Біріншісі- ұлттық код ұлттық мәдениет сақталмаса ешқандай жаңғыру болмайды.

Екіншісі- алға басу үшін Ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» деген сөзін әрқашан жадымызда ұстауға тиіспіз.

Қоғамға қызмет ету бар да, ұлт болашағына қызмет ету бар. Бұл екеуі ажырағысыз ұғымдар. Білгір маман, іскер басшы болумен қатар ұлтжанды Азамат болу парыз. Қазақпын деген қаны бір әр жүректе ұлтжандылық алау үздіксіз лапылдап тұрғанда ғана тіліміздің де еліміздің де бағы жанбақ.

Бүгінде жігітағасы жасқа келген тілге шорқақ қандастарымыз өздерінің осындай мүшкіл халіне, алдыңғы аға буындыяғни ата-аналарын кінәлайды. Дұрыс шығар. Ананың әлдиін тыңдап,бесік жырына балқымаған сәби, баласезімімен ертегі шуағына шомылып, бұла сезімін батырлар жырына суармаған, ерлік пен елдікті сезініп,бойына туған халқынадеген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімі қатар өрбімеген бала ес жиып есейгенде елім деп емірене қоюы екіталай.

Байқап қарасақ, «Қазақстананың болашағы қазақ тілінде» екеніне ден қойған өзге ұлт өкілдері қазірдің өзінде –ақ мемлекеттік тілді меңгеруге құлшына кірісіп кеткен секілді. Балаларын, немерелерін қазақша балабақшаға беріп, қазақ мектептерінде оқытып, солар арқылы өздері де ауызекі сөзге икемделіп қалғандары жөнінде мақтанышпен айтып жатқанда оларға ризашылықпен қарайсың.

Зиялы қауымның бәрі демеймін, көбі балаларын кезінде орысша оқытты. Жарайды ол уақыт талабы, заман солай болды деуге көнейік. Орыс тілін білмесең қарға адым аттауың мұң болды. Ол тілді білуге, үйренуге мәжбүр болдық, ал ана тілді ұмытуға не мәжбүрледі? Ешкім де, ешқашан да сен өз тіліңді ұмыт деген талап қойған жоқ қой. Орысша оқытып та қазақша тәрбиелеуге болатын еді ғой. Ең болмағанда баланың туған тілін қоса алып жүруге болмас па еді. Неге оны ескермедік? Неге ол бала өзінің рухани тамырынан ажыраған жарымжан болуы тиіс. Осыны неге ойланбадық?

Әрине енді қайтара алмаймыз. Ендігімізге береке берсін. Айтайын деп отырғаным бүгінгі  ата-анаға құлаққағыс. Кешегі қателік бүгін қайталанбаса екен деген тілек. Халқымыздың өзіне ғана тән тамаша әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін бойға сіңдіргенде ғана ұлттық мінез қалыптаспақ. Ұлтжандылық сезімі оянбақ. Ал оның түпкі төркіні қасиетті ана тілінде жатқан жоқ па?

Егемендік алғаннан бері өз ана тілімізге еркін ауыса алмай жатуымыздың ендігі бір басты себебі, орыс тілінің заңсыз түрде «ресми тілге» айналуында деп білемін.Сонымен қатар,мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілде құжаттарды әзірлеуге қажеттіліктің туындамауына байланыстықазақ тілін меңгеруге деген құлшыныс танытпайды.

Ата заңымыз Конституцияның 7-бабында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл - қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең  қолданылады деп көрсеткен.

Демек ресми тіл деген тіл жоқ, ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады деген ғана ұғым бар. Өкінішке орай, мұның бәрі заң жүзінде ғана, ал қолданыста бәрі басқаша. Орыс тіліне бар салада айқын басым беріп қойдық. Қазақ тілі оның қолына су құюға да жарамайтын жарымжан жағдайда мүшкіл хал кешіп отырғаны жасырын емес.

Мысалы үшін Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңның 9-бабына сүйенсек, мемлекеттік органдардың актілері мемлекеттік тілде әзірленіп, қабылданады, қажет болған жағдайда мүмкіндігінше, басқа тілге аударылуы қамтамасыз етіле отырып, оларды әзірлеу орыс тілінде жүргізілуі мүмкін.

Ал, бізде бәрі керісінше, заң да басқа құжаттар да орыс тілінде әзірленіп, содан кейін барып қажет деп тапқан жағдайда, мүмкіндігінше қазақ тіліне аударылады.

Бұл да заң бұзушылықемес пе? Заңды тұлға не жекелеген азамат заң бұзып жатса заң нормасына сай жауапқа тартылады ғой. Ал, біз мемлекеттік тіл туралы заң талаптары тапталып жатса да үнсізбіз.Сол себепті мекемелер арасындағы хат алмасуды тек мемлекеттік тілде жүргізуді қолға алу, дұрыс жолға қою міндетіміз.

Біздің қоғамымызға ұлтының қамын жеген, туған тілін көзінің қарашығындай сақтап биіктен көрінуіне жанын беретін азаматтар қажет.  «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деп дана халқымыз бекерге айтпаған. Ертеңгі күні жүрегі елім деп елжірейтін патриоттарды бүгін тәрбиелеуіміз керек. Ана сүтімен бойына сінген қастерлі тілін жетік меңгеріп, туған тілінің абыройын асқақтата түсетін ұрпақ қажет.

Қасиетті қазақ тіліміз бабадан балаға мұра боп қалған баға жетпес байлығымыз емес пе. Ендеше оны одан әрі еселей түсу, байыта түсу дәл  бүгінгі ұрпақтың  азаматтық борышы деп білемін. Өйткені бүгінгі ұрпақ бабаларымыздың ғасырлар бойы арпалысып, аңсап өткен, армандап өткен азаттыққа қол жеткізген ұрпақ.

«Ана тілі – бәріміздің анамыз өйткені ол ұлтымыздың анасы» деп дәл айтты емес пе Елбасы? Ендеше ана тілін ардақтау әрбір азаматтың абыройлы борышы екені ешқандай дау туғызбаса керек.

Осы тұста,Елбасының «Қазақтар бір-бірімен қазақша сөйлесуі керек» деген қағидасын неге қазық етіп ұстанбасқа.

Елбасы: «Біздің міндетіміз 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтардың санын 80 пайызға дейін жеткізу. Ал 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс» деген нақты мәселе көтерді.

Ал шын мәнінде жағдай қалай, оның ішінде мәселені өзіміздің өңірден бастасақ, Ақмола облысындағы жалпы тұрғындардың саны 747241 оның ішінде қазақ ұлты 49,6 пайызды құрайды. Ал, облысымызда 2017 жылдың
6 айында жалпықаралған қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істердің саны 23224оның ішінде, мемлекеттік тілде қаралғаны 561 (2,3%).

Мемлекеттік мәртебеге ие болып отырған қазақ тілінің құқық қорғау саласы мен сот жүйесінде және басқа да мемлекеттік мекемелерде қолданылуы қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 30-бабының  1-бөлігінде, Қазақстан Республикасында қылмыстық сот iсiн жүргiзу қазақ тілінде жүргiзiледi, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал қажет болған кезде басқа тiлдер де қолданылады. Ал, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы кодексінің738-бабының 1-бөлігінде Қазақстан Республикасында әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша iс жүргiзу мемлекеттiк тiлде жүргiзiледi, ал қажет болған кезде iс жүргiзуде орыс тiлi немесе басқа да тiлдер мемлекеттiк тiлмен тең қолданылады деп көрсетілген.

Мемлекеттік тілде сот істерін қарау көрсеткішінің төмен болуына арыздардың орыс тілінде жазылуы, соған орай істердің сотқа орыс тілінде түсуі басты себеп болып отыр. Осы көрсеткіштерге қатысты жүргізілген талдау құқық қорғау органдары істерді қазақ тілінде жүргізуге мүмкіндік болса да өздеріне қолайлы тілді таңдап, істерді орыс тілінде жүргізетінін көрсетті.

Осыған орай, сотта қылмыстық, әкімшілікісті қарау барысында іске қатысушылар қазақ ұлтының азаматтары болса, олар мемлекеттік тілді меңгерген болса, әсіресе, орыс тілін білмесе немесе нашар білсе, тергеу амалдарының және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің мемлекеттік тілде жүргізілмегеніне қарамастан судьяларға істі сотта қарауға әзірлеу кезінде аса көңіл бөліп, заң шеңберінде істерді мемлекеттік тілде қарауға болады. Сондықтан, бүгінгі күні облыс судьяларының назары осыған аударылған.

Ана тіліміз - мемлекеттік тіл, тек қана күнделікті қарым-қатынас құралы ретінде емес, құқық саласына да кеңінен аяқ басуы керек деп санаймын.

Сөзімнің қорытындысы ретінде белгілі саясаттанушы Ерлан Саировтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Жаңа пассионарлық бағыт» атты  сұхбатындағы: «Ассимиляцияға ұшырамау үшін ар жағыңызда қазақ екеніңізді сезініп тұру керек. Бұл – басқа мәдениетті, өркениетті алшақтату емес. Керісінше, қазақ екеніңді сезіне отырып, оны басқа мәдениетке лайықты дәрежеде көрсетсең олар сыймен қарайды. Рухы күшті екен, мәдениеті биік екен дейді»  деген орамды ойыменаяқтағым келіп отыр.

 
Досжан Әміров,
Ақмола облыстық сотының төрағасы