Бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі - жер дауы аймақтық деңгейде сөз болды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ақмола облыстық соты «Жер заңнамаларын қолданудағы сот тәжірибесі» тақырыбына семинар өткізді.

Семинар жұмысына облыс судьялары, облыс және аудандық прокуратура өкілдіктері, Ақмола облысының жер қатынастары басқармасының және барлық аудандық жер қатынастары бөлімдерінің өкілдіктері, жер кадастрын жүргізу және геодезиялық бақылау бөлімінің Ақмола, Қарағанды, Солтүстік-Қазақстан және Қостанай облыстары бойынша  аумақтық жер инспекциясының басшылары яғни жер-құқықтық қатынас мәселелерін қарау құзіреттілігіне ие барлық мемлекеттік органдар мен ведомстволардың өкілдіктері мен БАҚ өкілдері шақырылды.

Семинар жұмысын ашқан Ақмола облыстық сотының төрағасы Н.Ә.Әбдіқанов «Облыс соттары жер дауларын заңға сәйкес, дұрыс қарайтындықтарын сот тәжірибесі көрсетіп отыр, осыған сәйкес соттар жер құқықтық қатынастар саласындағы өзінің реттеуші қызметін толығымен орындауда» деді.  

  Жер заңнамасын қолдану бойынша сот тәжірибесі мысалдары жер даулары істердің ерекше ауыр санатын құрайтындығын дәлелдейді. Соңғы жылдары жер даулары үрдістерінің ұлғаюы байқалады.

Статистикалық деректерге сүйенсек, егер 2012 жылы Ақмола облысының соттарында 266 істер мен өтініштер түсіп, оның 124-і шешім шығарумен аяқталса 2014 жылы 483 істер мен өтініштер түсіп оның 224-і шешім шығарумен қаралған.  

Соттардың жер дауларын дұрыс қарауы Қазақстандағы нарықтық байланыстың орнығуы мен дамуына тікелей әсер етіп біздің еліміздің меншік құқығы мүддесін қорғай алатындығы мен оның экономикасына инвестиция құя алатындығын дәлелдейді. Жер даулары, ең ауыр санаттағы істер болғандықтан оның нормалары нақты қолдануды және оларды қарау барысында қатысушы тараптардың құқықтарының мүлтіксіз сақталуын талап етеді. Сондықтан жер қатынастарын реттеу біздің барлығымыз үшін бүгінгі күннің ең маңызды мәселесі болып қалмақ» деді облыстық соттың төрағасы өз сөзінде.

Облыс соттарындағы қаралған істерді зерделеу жергілікті атқару органдарының бір жер теліміне меншік құқығы туралы құжаттарды түрлі адамдарға бергендігін айғақтауда. Тіпті құқықтық тұрғыда бекітілмесе де, ешқандай  құжатсыз-ақ жер телімдеріне қатысты мәмілелер жасала берген. Меншік құқығын ұсыну мен ауыстыру да мақсатсыз, есепсіз жүргізіле берілген. Осының салдарынан меншік құқығы бұзылып, қарапайым халық қожалық ету, пайдалану немесе өз мүлкін өзінше билік ету құқынан айрылып қалған жағдайлар жиі кездеседі. Сондай-ақ, мемлекеттік орган, қоғамдық бірлестіктер, ұжым басшыларының, лауазымды тұлғалардың, мемлекеттік қызметкерлердің сот шешімін орындамаса да, сотқа орындадық деп жалған жауап беретіндіктерін тәжірибе көрсетуде.     

- Даулардың ауыр санатына жататын жер даулары жер заңнамасы нормаларын нақты қолдануды талап етіп сот, прокуратура, атқару органдарынан да жер заңнамасы нормалары талабын, ұсынылған барлық материалдарды зер салып, аса ықыласпен қарау арқылы қатаң сақталуын талап етеді – деді Н.Әбдіқанов өз сөзінде.

Семинарда сондай-ақ, Ақмола облысының жер қатынастары басқармасының басшысы А.А.Қадыралина «Жер телімдерін мемлекеттік меншігіне өндіріп алудың мәселелері және мемлекеттің жер меншігі құқығын бұзу туралы» тақырыбына, Ақмола облысы бойынша аумақтық жер инспекциясы басшысының м.а. Р.Ж.Төкенов «Меншік иелерінен және жер пайдаланушылардан жер телімін мәжбүрлеп алып қою проблемалары» тақырыбына, Облыс прокуратурасының 1-ші Басқармасының прокуроры А.К.Төлебаев «Жер заңнамасын қолданудағы туындайтын проблемалар» тақырыбына ал Ақмола облыстық сотының кассациялық сот алқасының судьясы Г.Ж.Әлмағанбетова «Жер заңнамаларын қолданудағы кейбір мәселелер» тақырыбына дайындаған қызықты баяндамаларын оқыды.

Негізгі баяндамашылардың сөздерін тыңдағаннан кейін пікір білдірушілердің ойлары тыңдалды. Судьялар заңнама нормаларын қолдану бойынша, заңнаманың жетілмеген тұстары туралы да түсініктер берді. Осы күні кейбір сұрақтар бойынша аймақтардағы жер комитеттері өкілдіктері де құнды пікірлерін айтты.  

Елбасымыз Нұсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің биылғы «Қазақстандық жол – 2050; бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында дамыған 30 елдің қатарынан көріну үшін бізге тиімді жер пайдалану нарығын құру қажеттігін айтты. Жер шаруашылығы саласындағы бизнесті дамытуға, атап айтқанда жерді тиімді  пайдалану үшін фермерлік кооперация құру процесі кедергі келтіретін барлық тосқауылдарды жою қажет деді.

Осыған байланысты, соттар және өзге де жер заңнамасын қолдану мәселелері бойынша уәкілетті органдар өз қызметтерінде әрекет етуші заңдарды дұрыс пайдаланып, олардың бұзылуына жол бермеулері керек. 

Семинар жұмысының қорытындысы бойынша қатысушылар жер дауларын шешу бойынша өз қызметтерінде пайдалану үшін ұсыныстар қабылдады.

Ұсыныстар жер заңнамасы және өзге де конституциялық заң нормаларын мүлтіксіз орындау, дау туындаған жағдайда сол уақыттағы нормативтік актілерді басшылыққа алу, мемлекеттік органдардың азаматтық іс жүргізу заңнамасы талабына сай емес арыз-шағымдарды жолдауына жол бермеу, сотқа дейінгі процедураларды қатаң сақтау, заңды және жеке тұлғаларға мақсатсыз жер телімдерін беруге жол бермеу сияқты мәселелерді қамтыды.

Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі