Сот орындаушыларының байырғы бастығы сотталды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ақмола облысының Көкшетау қалалық соты мемлекет мүлкін ұрлаған деп айыпталған Ақмола облысы сот актілерін орындау департаментінің бұрынғы бастығы Н.К.Күзенбаевқа, мемлекеттік сот орындаушысы С.Т.Көбигеновке және Ж.К.Кузанбаевқа қатысты істі аяқтап, журналистерге брифинг өткізді.

Н.К.Күзенбаев «Ақмола облысы сот актілерін орындау департаменті» ММ бастығы бола тұра, мемлекеттік қызмет мүддесінен тыс 2013 жылы «Би-Логистикс» АҚ арқылы   «Тойота Камри» автокөлігін тасымалдау үшін деген желеумен 111 000 теңге бюджеттің ақшалай қаражатын аудартып, оны кері қайтару арқылы сот орындаушысы С.Т.Көбигеновке жалған құжат жасатып  30 000 теңгесін қалтасына басып, бас пайдасына жаратқан.

2013 жылдың маусым айында сот орындаушысы С.Т.Көбигенов жоюға дайындалған 118 қорап ламинатты, өзінің басшысы Н.К.Күзенбаевтың нұсқауымен, тек оның бір бөлігін жою туралы жалған акт жасап, қалған 38 қорап ламинатты Н.К.Күзенбаевтың туысқандарына апарып берген. Сөйтіп мемлекетке 116 557 мың теңге көлемінде материалдық нұқсан келтірген.

2013 жылдың тамыз айында Н.К.Күзенбаев борышкерлердің мүлкіне салынған тыйымды заңсыз алып тастау үшін Ж.К.Кузанбаевтан 60 000 теңге кейіннен 900 АҚШ доллары көлемінде пара алған.

Көкшетау қалалық сотының 2014 жылдың 10 ақпанындағы үкімімен Н.К.Күзенбаев ҚР ҚК 307-бабының 2-бөлігі, 311-бабының 4-бөлігі «г» тармағында көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оның жеке дүние мүлкі тәркіленіп, 1 800 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлеуге және 5 жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқынан айыра отырып, жазасын ортақ тәртіптегі түзеу мекемесінде өтеуге жеті жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айрылды.

Сот С.Т.Көбигеновті ҚР ҚК 307-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп таныды, оның сотқа өз кінәсін мойындап келгендігін, Н.Күзенбавтың жемқорлық әрекетін әшкерелеуге көмектескендігін ескеріп бас бостандығынан айырмау жазасын тағайындау қажет деп шешті. Оған бес жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқынан айыра отырып, 1 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 2 778 000 теңге айыппұл төлеу жазасы тағайындалды.

Сот Ж.К.Кузанбаевты ҚР ҚК 312-бабының 4-бөлігі «в» тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, жазасын ортақ тәртіптегі түзеу мекемесінде өтеуге 4 жыл мерзімге  бас бостандығынан айырды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.  

Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі