Жер телімдері ортақ пайдалануға нұқсан келмейтін жағдайда ғана беріледі

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ақмола облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істері жөніндегі апелляциялық сот алқасы Көкшетау қаласының тұрғыны азаматша С.,-ның Көкшетау қаласының әкімі, «Көкшетау қаласының жер қатынастары бөлімі» ММ-не Әкімдік қаулысының күшін жойып оны заңсыз деп тану туралы талабы бойынша Көкшетау қалалық соты қарап шығарған шешіміне түскен шағымын өзгертусіз қалдырды.

Талап қоюшы С., соттан Көкшетау қалалық әкімшілігінің Көкшетау қаласының аумағына павильон салу үшін жер телімін жалға беру мерзімі біткеннен кейін сатып алу құқығымен бес жыл мерзімге уақытша жалға беру туралы қаулысының күшін жойып заңсыз деп тану туралы сұраған.

Қалалық соттың шешімімен келіспеген талап қоюшы өзінің апелляциялық шағымында бірінші сатылы соттың шешімін кері қайтару туралы сұрады.

Іс мән-жайлары бойынша  азамат С., Көкшетау қаласының әкімдігіне  Көкшетау қаласының аумағына павильон салу үшін жер телімін жалға беру мерзімі біткеннен кейін сатып алу құқығымен бес жылға уақытша жалға беру туралы өтінішімен барған. Ол сұратқан жер телімі ортақ пайдалану мақсатына бағытталған жасыл желек аумағында орналасқандықтан жер комиссиясы азамат С.,ға жер телімін беруді жөн деп таппаған. Жер комиссиясының қорытындысының негізінде Көкшетау қалалық әкімдігі өз қаулысымен азамат С.,ға жер телімін беруден бас тартқан.

ҚР Жер кодексінің 109-бабы 2-бөлігіне сәйкес ортақ пайдаланудағы жерден жер учаскелерi азаматтар мен заңды тұлғалардың ортақ пайдалануға нұқсан келтiрмей, жеңiл үлгiдегi құрылыстарды (caудa жасайтын шатырларды, киоскiлердi, жарнама құрылғыларын және басқа да сервис объектiлерiн) орналастыруы үшiн уақытша жер пайдалануға берiлуi мүмкiн.

Бірақ бұл  жағдайында қаланың Бас жоспары бойынша сұратылған жер телімі ортақ пайдалануға берілетін жасыл желек өсіру жоспарланғандықтан өзге құрылыстар қарастырылуы мүмкін емес.

Көкшетау қалалық сотының шешімі өзгеріссіз, апелляциялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылды.  

Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі