Көкшетау қалалық соты сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарды жасағаны үшін сотты болған төрт азаматқа тағайындалған айыппұл түріндегі жазаны бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырды

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ақмола облысы Көкшетау қалалық соты сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарды жасағаны үшін сот үкімімен тағайындалған айыппұл түріндегі жазадан жалтарып жүрген төрт сотталғанға қатысты жазаны ауыстыру туралы сот орындаушылардың ұсыныстары бойынша материалдар қарады. Тағайындалған айыппұлдардың соммасы: 1 250 000 теңгеден 20 972 000 теңгеге дейін.

Сотталғандар сот актісін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылатыны туралы бірнеше рет ескертілсе де, сот үкімдері заңды күшіне енген күннен бастап бір ай мерзімнің ішінде айыппұлдарды төлемеген. Өздерінің кірістері мен мүлкін мәжбүрлеп өндіріп алудан жасырып, сот үкімін орындаудан жалтарған.

Қылмыстық Кодекстің 41-бабының 3-бөлігіне сәйкес қылмыс жасағаны үшін тағайындалған айыппұлды төлеуден жалтарған жағдайда, ол төрт айлық есептiк көрсеткiш үшін бас бостандығынан айырудың бір күні есебімен бас бостандығынан айыруға ауыстырылады. Сонымен қатар, Қылмыстық Кодекстің 366-бабы «Пара алу», 367-бабы «Пара беру» және 368-бабымен «Парақорлыққа делдал болу» көзделген қылмыстарды жасағаны үшін тиісті баптардың санкцияларының талаптарына сәйкес айыппұл түріндегі жаза бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылады.

Сот қаулысымен төрт сотталушыға қатысты жазаны ауыстыру туралы сот орындаушылардың ұсыныстары қанағаттандырылды. Айыппұл төлеу түріндегі жаза орташа қауіпсіз мекемелерде өтеумен әрбіреуіне 2 жылдан 7 жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жазаға ауыстырылды.

Қайнар: 
Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі