Ақмола облыстық сотының төрағасы Ақкөл ауданының тұрғындарымен кездесу өткізіп, азаматтарды қабылдады

Баспаға арналған нұсқасыБаспаға арналған нұсқасыХат жолдауХат жолдау

Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров Ақкөл  ауданының белсенділерімен кездесіп, аудандық соттың судьяларымен  жұмыс кеңесін өткізді және азаматтарды қабылдады.

Кездесу Ақкөл ауданының әкімдігінде өткізіліп, оған аудан әкімі, аудандық маслихат, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы, Ақкөл қаласының және ауылдық округтердің әкімдері, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, БАҚ өкілдері, ҮЕҰ-ның өкілдері, адвокаттар, медиаторлар, сонымен қатар, судьялар мен сот жүйесінің ардагерлері қатысты.

Аудан белсенділерімен кездесуде облыстық соттың төрағасы Д.Әміров, мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының негізгі ережелерін түсіндіре отырып, Жоғарғы Сотының Төрағасы Қ.Мәмидің «Рухани жаңғыру – мәңгілік ел болудың кепілі» тақырыбында өткізген «дөңгелек үстелдің» қарары бойынша іс-шаралар  облыс соттарымен іске асырылып жатқандығын айтып өтті.

Сот төрағасы облыс соттарымен өткізілетін іс-шаралар аясында өскелең ұрпақтың рухани-мәдени білімін арттыру мақсатында кездесулер, «дөңгелек үстелдер» ұйымдастыру, билерді, қазақ зиялыларын, мәдениет және өнер қайраткерлерін еске алу кештерін өткізу, мұрағаттар, мұражайлар және кітапханалармен байланыс орнату, сонымен қатар, тарихи-танымдық байқаулар өткізу көзделгендігін атап өтті.

Облыстық соттың төрағасы қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде  мәртебесін көтеру мақсатында, органдар мен ведомстволар арасында сот ісін жүргізу мен іс жүргізуде және ведомствоаралық хат алмасуда қазақ тілін қолдану қажеттілігіне тоқталды. 

Досжан Әміров сот жүйесіндегі реформалар, алқабилер сотының дамуы, татуластыру рәсімдерін қолдану, ақпараттық технологиялар, сот шешімдерін орындау, БАҚ және ҮЕҰ-ның өзара байланысы және сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы айтып өтті.

Сонымен қатар, Ақмола облыстық сотының төрағасы кәсіби медиатор Гүлмира Құнанбаеваны ауданда медиацияны дамыту мен қолдану жұмысында белсенділік танытқаны үшін Алғыс хатпен марапаттады.

Кездесуден кейін, облыстық сот төрағасы Д.Әміров Ақкөл аудандық сотының ғимаратында азаматтарды қабылдады. Облыстық сот төрағасының қабылдауына қаралып жатқан істермен байланысты, сонымен қатар, жеке сұрақтар бойынша Ақкөл ауданының 3 тұрғыны келді. Барлық азаматтар өз сұрақтарына толық жауап алды. 

Облыстық соттың төрағасы іс-шараларды қорытындылай келе, аудандық соттың ұжымымен жұмыс кеңесін өткізіп, 2017 жылдың 7 айында сот төрелігін іске асыру және сот ісін жүргізуді ұйымдастыру бойынша соттың жұмыс көрсеткіштерін талқылады.

 

Қайнар: 
Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі